1-Жүргізуші: Қымбатты ұстаздар мен оқушылар міне біз бүгін бүкіл Қазақстан халқы болып «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесін тойлағалы отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтің «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» дегендей біз ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеруіміз керек.
Бүгінгі өткізгелі отырған «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халықтарын біріктіретін тіл» тақырыбындағы іс – шарамыз 21-ақпан күнгі Халықаралық ана тілі мерекесіне қосылатын кішкене ғана үлес. Бірақ біз ана тілімізге деген сезімімізді білдіретінімізге қуаныштымыз. Олай болса,
Балалар,құтты болсын тілің бүгін,
Ашатын жан сарайын білімдінің.
Кешегі анаң айтқан, бабаң айтқан,
Тіліне зер салыңдар бұрынғының,
- дей келіп, бүгінгі «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халықтарын біріктіретін тіл»
тақырыбындағы фестивалін бастауға рұхсат етіңіздер.
2-жүргізуші:
Кенің бай , келімің мол туған тілім!
Дыбыстың теріп сөз ғып буған гүлін.
Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен,
Мен қосып, құтыла алмас қусам білім.
Ассалаумағалейкум құрметті тіл жанашырлары, бүгінгі
«Қасиетті ана тілім» атты тіл мерекесіне қош келдіңіздер!
1-жүргізуші:
Қонып тұр ордаң міне, жаңа жұртқа ,
Салып тұр ұлың «Қазақ» көзін сыртқа.
Жау болсаң, жақындама, аулақ жүр деп,
Ел болсаң есігім бос, ен деп ұлтқа.
Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар.
2-жүргізуші:
Тіл тағдыры шешуін күтті. Көпшілік ойы айтыла бастады. Басқа мәселелерде кезекте тұр еді. Ақыры 1986-ның желтоқсаны тығырық кезеңнен құтқарды. Соның лебімен 1989 жылы «Республикадағы қазақ тілінің жайы» туралы
қаулы қабылданды. 1989 жылы қыркүйектің 22-і күні «Қазақстан Республикасындағы тілдер» Заң қабылданып, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Кейін 1993 жылы қаңтардың 28-і күні бұл статус Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында тұрақталып, Тіл туралы Заңы 1997 жылы шілденің 11- күні жаңа «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы қабылданды. Бұл Заң бойынша қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ұлттық тілі болып есептеледі.
11- сынып оқушысы «Ана тілім ардақтым» жыры.
Несіне мен қазақпын , өз тілімді білмесем.
Өз елімде жарқылдап, еркін сөйлеп жүрмесем.
Құт мекенім қасиетті ата-бабам жерінде,
Нағыз қорлық-деп білемін, басқа тілде тілдессем.
Ана тілдің қасиетін айта білген түсінер,
Өз тілінде сөйлейді өмір көрген кісілер.
Жойған күні тіліңді, жойылады қазақ та,
Жоя білген адамдар-құлдыққа да түсірер.
Мансап үшін өз тілін құрбан еткен адамдар,
Басқа тілді қастерлеп, ана тілін жамандар.
Ондай жандар ортадан аулақ болса сол дұрыс.
Қазақ емес шіріген жұмыртқа деп санаңдар!
Ана тілін сатқандар опасыз-деп білемін,
Білген жанға өз тілің-қунышың, тірегің.
Қазақ тілі қор болса, қор болғаным менің де.
Ол жойылса мәңгілік тоқтап қалар жүрегім.
Керек емес байлығын, керек емес алтының,
Менің жалғыз тілегім, тілін сақта халқымның.
Ана тілім бар жерде сақталарын білемін
Қазақ үшін қасиетті ата-дәстүр салтымның.
Ана тілін тартқылап0салып жүрген көкпарға.
Ойлаңдаршы қазағым, осы бізде бет бар ма?
Ана тілін ту етіп, көтер қазақ көгіне.
Айқасқа түс, сол үшін айтыс болса шегінбе.
Ана тілді сыйламай, өгей бала болмайық.
өз тіліңде сөйлемей, өзің туған жеріңде.
1-жүргізуші:
Орыстың әйгілі ғалымы Василий Васильевич Радлов «Ең сауатсыз деген қазақтың өз тілін жете меңгергендігі сондай, ондайды біз Европада француздар мен орыстардан ғана байқаймыз. Егер олар әңгіме айта қалса сөз оралымдары көркем де сүйкімді, тілі өткір әрі майда шешен де тапқыр» деп әділ бағасын беріпті.
2-жүргізуші:
Әлем даналарын тамсандырған халқымыздан туған Асан қайғы сияқты бабаларымыздың өсиетін тыңдайық.
1-жүргізуші:
-Тәңірі ортақ жаратқан,
Аузына халқын қаратқан.
Қара қылды қақ жарған.
Алдынан топты таратқан,
Мөңке, Төле, Қазыбек
Әйтеке, Алшын, би Кебек.
-Белгілі шешендер мен шешен билердің сөздері жазылып сақталмағандықтан, тек бізге ұзын-ырғасы, желі-жұрнағы ғана жеткен. Ауыздан ауызға көше жүріп, сырланып, бүкіл халық қазынасына айналған. Олар халық даналығын , тіл байлығын көрсетеді.
2-жүргізуші:
Тілім менің !
Тілім үшін мың өліп, тірілді елім,
Аралыммен,
Арыммен қатар қойып,
Тілді қорғау-парызым бүгін менің.
1-жүргізуші:
Әуезов, Абайды өткен дәріс тілі,
Тіл қатқан Тоқтар, Талғат ғарыш тілі
Қанша Заң қабылдаймыз, жетер енді,
Етілсін мемлекеттік әр істе үні!
2-жүргізуші:
.. . Тіл жоғалса жоғалар ұлтың бүгін,
Тілің барда нұр шашып атар күнің.
Сөзімнің ұғар болсаң түп төркінін
Жүрек жырын жазар ем таппай тыным. . .
1-жүргізуші:
Халықаралық байланыста әлемдік деңгейде қолданылатын 6 тіл бар. Олар: ағылшын, француз, орыс, испан, қытай, араб тілдері. Жарқын болашаққа ұмтылған Қазақстан үшін бүгінгі жағдайда біздің көп тіл білуіміз қажет. Бірақ өзге тілді білсек те, өз ана тілімізді ұмытпай, қастерлеп, құрметтей білуіміз керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дегендей, өз тілімізді құрметтеп өсу біздің парызымыз.
2-жүргізуші:
Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын,
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретіңнен Қазақ тілім.
1-жүргізуші:
Тіл – ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс тіршілігінің көзі, Ата Заңымен қорғалатын, еркіндігінің үні. Оны құрметтеп, қорғау, келешек ұрпаққа жеткізу, Қазақстанның бақытты да парасатты, білімді де еңбекқор ұл-қыздары бізге ғасырлар бойы ата-бабаларымыздан жеткен аманат.
2-жүргізуші
Осымен «Тіл мерекесі» өз мәресіне жетті. Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш, тіл мәртебесі биік болсын, ағайын!